Қызылордада емдеу орындары жасанды желдету аппаратымен толықтай қамтылған

Коронавирус пандемиясы басталған кезеңде өңірде барлығы 76 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ) болды. Қазір олардың саны 251-ге жетті. Орталықтандырылған оттегімен 518 төсек орны жабдықталған.
«Аймақта көп бейінді облыстық аурухана мен Қазалы ауданында 2 оттегі стансасы орнатылған. Өткен жылдың қараша айында көп бейінді облыстық аурухана жанынан іске қосылған оттегі өндіруші станса күніне 160-қа жуық баллонды оттегімен толтырады. Осылайша айына 4200-ге жуық баллонды оттегімен қамтамасыз етуде. Бұл аурухананы толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Ал, Қазалы ауданаралық ауруханасы жанынан ашылған оттегі өндіретін станса күніне 60-қа жуық, айына орта есеппен 1800 баллонды оттегімен қамтамасыз етеді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.
Одан бөлек, денсаулық сақтау ұйымдарына демеушілер есебінен 682 дана оттегі концентраторлары жеткізілді. Аталған құрылғы оттегіні қажет ететін тыныс ауруларын емдеу кезінде және ауруханаларға ауыр жағдайда түскен науқастарға, реанимациялық және интенсивті терапия бөлімшелерінде қолданылады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында модульдік стационар жұмысы іске қосылды.