Қызылордада Еңбек Ері Цай Ден Хактің 100 жылдығына арналған конференция болды

Цай Ден Хак Қармақшы ауданындағы «ІІІ Интернационал» колхозын ұзақ жыл басқарған. Ол 1913 жылы 14 сәуірде Ресейдің Қиыр Шығыс өлкесі, Ворошилов ауданы Пиякно селосында туған. 1931-1934 жылдары Қиыр Шығыс өлкесі Ворошилов ауданы "Сулудинский" күріш совхозында бригадир болып еңбек жолын бастаған. 1935-1937 жылдары Өлкелік партия-кеңес мектебінде тыңдаушы, саяси оқу үйінің меңгерушісі, 1937-1938 жылдары осы ауданның "Кедровская звезда" колхозында төраға болды. 1939 жылы СОКП қатарына қабылданды.
1938-1984 жылдары Қармақшы ауданындағы "ІІІ Интернационал" колхозын басқарды. Қызылорда қаласындағы және өзі жетекшілік еткен ауылдағы бір көше Цай Ден Хак есімімен аталады.
Ұлағатты тұлға есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған конференцияға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, аймақтың белгілі күрішшілері, ғалымдар мен студенттер қатысты. Шара барысында өңір басшысы сөз алып, Цай Ден Хактың жүріп өткен өнегелі жолы турасында айтты.