Қызылордада еңселі сауда орталығы пайдалануға берілді

Ол «Жібек жолы» деп аталады.
Үш қабаттан тұратын жаңа сауда-сауық орталығының аумағы 12500 шаршы метрді құрайды. Орталықтың бірінші және екінші қабаттарында әлемге әйгілі танымал соңғы үлгідегі өнімдер мен тауарлар тұтынушыға ұсынылады. Осында сонымен бірге азық-түлік өнімдерінің супермаркеті, электр және тұрмыстық шаруашылық бұйымдар дүкені, еуропалық үздік жарақтармен жабдықталған сұлулық және спа салондары, фитнес және тренажер залдары, дәріхана, авиа және темір жол кассалары, тұрғындардан төлемақы қабылдайтын қондырғы көпшілікке қызмет етуге әзір. Ал үшінші қабатта 4 кеңформатты 3D кинозал, 25 орындық VІP зал, 300 орынға арналған 5 кафе-бар, мейрамхана орналасқан. Балаларға арналған «Ботақан» ойын кешені тағы бар.
Жалпы, ғимарат еуропалық стандартқа сай жасалған. Онда орталық кондициялау, орталықтандырылған желдеткіш, "Сплин Клер" өрт қауіпсіздік, автономды жылу, орталық су, кәріз жүйесі, оған қоса қуаты 1630 кВТ жаңа трансформатор шағын стансасы, телефон, 2 панорамдық лифт, 1 тонна жүк көтеруге қабілетті жүк лифтісі, 5 эскалатор қызмет етеді.