Қызылордада ерікті жастар тұрмысы төмен отбасына баспана сыйлады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданында ерікті жастар тұрғын үйге мұқтаж отбасына баспана сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын Қазалы ауданына қарасты Жанкент ауылында тұратын Қарлыға Матова тұрғын үйге мұқтаж болатын. Оның қолында мүмкіндігі шектеулі ұлы, келіні және немересі бар еді. Бұл отбасы ұзақ жылдар бойы тұрғын үй қиындығын көріп келді.

Жергілікті ерікті жастар «Қарекет» қайырымдылық қоры арқылы жалғызбасты анаға аудан орталығы - Әйтеке би кентінен жаңа баспана сыйлады.

Қуанышты рәсімге аудан әкімі Мұхтар Оразбаев барды. Аудан басшысы ерікті жастардың жарқын бастамасына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Баспананың кілтін аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев және «Қарекет» қайырымдылық қорының Қазалы ауданы бойынша еріктілерінің жетекшісі Айдос Таңбышов табыстады.

Баспанаға қол жеткізген Қарлыға Матова қайырымды жандарға алғысын білдірді.

Айта кетейік, қайырымдылық қорының басты мақсаты - мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көпбалалы, жалғызбасты аналарға баспана сыйлау. Осыған дейін қордың қолдауымен 8 аудан тұрғыны баспанаға ие болды.


Соңғы жаңалықтар