Қызылордада ескексіз қайықпен көлдің ортасында қалып қойған екі адам құтқарылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ескексіз қайықпен көлдің ортасында қалып қойған екі адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада ескексіз қайықпен көлдің ортасында қалып қойған екі адам құтқарылды

Оқиға 24 тамызда жергілікті уақытпен сағат 17.50-де Арал ауданына қарасты Қамыстыбас елді мекені аумағындағы Қамбаш көлінде болған. Жергілікті тұрғындар балық аулау кезінде қайықтың ескегін суға түсіріп алған.

«Оларды құтқарушылар кезекшілік атқару барысында байқаған. Ескексіз қалған азаматтар қайықпен жағалауға жете алмай қалды. Жедел құтқару жасағының мамандары күшімен 1974 және 1980 жылғы екі азамат жағаға шығарылды. Оларға психологиялық көмек көрсетілді», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Еске салсақ, түнде Сырдарияда жүзбек болған жігітті төтеншеліктер құтқарды.