Қызылордада «Еуразия банкінің» филиалы ашылды

Осыған байланысты өткізілген жиында облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев сөз сөйлеп, банк қызметкерлерін құттықтады. Ол өз сөзінде облыстың биылғы жылдың бірінші жартысында инвестиция қарқыны бойынша республикада көш бастаушылар қатарынан табылғанын айтты. Ал «Еуразия банкі» АҚ филиалының ашылуын осы жұмыстардың нәтижесі ретінде бағалауға болады.
Тұсаукесер рәсімінде Еуразиялық банк басқармасының төрағасы Майкл Эгглтон сөз алып, банктың ашылуына жан-жақты көмек көрсеткен облыс әкімдігіне, сондай-ақ өзінің осындағы әріптестеріне алғыс айтты. «Еуразия банкі» - жан-жаққа тармағы таралған жүйе және қазіргі заманғы технологиямен жабдықталған ұйым. Ол шағын және орта бизнесті, фермерлік кәсіпорындарды қаржыландыру жөніндегі ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға өзінің барлық ресурстарын пайдалана алады. Жаңа филиал осы бағытта жұмыс жасайтын болады.
Жаңа банк филиалының ашылуы 75 қызылордалықты жұмыспен қамтамасыз етті.