Қызылордада «Евразия» спорт кешені қайта жаңғыртылып, мереке қарсаңында пайдалануға берілді
Аталмыш спорттық-сауықтыру кешені 1984 жылы салынған. 600 орындық спорттық ойын залы, бассейн, боулинг және атлетикалық жаттығу залы бар кешен бір ауысымды 84 адамға қызмет көрсете алады.
Қайта жаңғыртудан өткізілген нысанның жұмысымен танысуға облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы арнайы келіп, сөз сөйледі.
- Бүгінгі таңда облыста 2057 спорт ғимараты жүйелі түрде жұмыс жасап, аймақ тұрғындарына қызмет көрсететін спорт алаңдары мен денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің саны жылдан жылға артып келеді. Соның бір айғағы ретінде бүгінгі облыс тарихында халық үшін аса маңызды спорттық нысанның қайта жаңғыртудан өткізілуі, өңір тұрғындарының спорттық ғимараттарға қолжетімділігін арттырады. Жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде ұлттық құрама команда сапында өнер көрсететін спортшылар саны артуда.
Жыл басынан бері 8 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 73 ҚР спорт шебері, 229 спорт шеберлігіне үміткерлер әзірленді. Облыс саңлақтары ел чемпионаттарында 543 медаль еншіледі: 173 - алтын, 143-күміс, 227-қола медаль. Азия, Әлем чемпионаттарында - 50 медаль, оның ішінде 17 алтын, 12 күміс және 21 қола медальдарды иеленіп, 295 спортшы ұлттық құрама сапына алынды, - деді облыс әкімінің орынбасары Р.Кенжеханұлы.
Сонымен қатар, «Евразия» спорт кешенінің бассейнінде жүзуден облыстық турнир ұйымдастырылып, оған 9-14 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты.
Жарыс жеңімпаздары диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.