Қызылордада «EXPO LAND-2013» жастар идеясы мен жобалары жәрмеңкесі болды

«Инновациялық идеялар мен жобалар жәрмеңкесі Қызылорда қаласының 195 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Оған оқушылар мен студенттерден 60-тан астам жұмыстар келіп түскен. Шараны облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма мен «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігі өткізді. Жәрмеңкенің мақсаты - оқушылар мен жастардың ғылыми идеяларын жұртшылыққа жеткізу», - делінген хабарламада.
«Біздің мақсатымыз - неғұрлым қызықты идеялар мен жобаларды іріктеп алып, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне Қызылорда облысынан ұсынылатын жобалардың арасына қосуға дайындау. Қазір Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жас ғалымдары осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Жәрмеңкеде назарға ұсынылған жобалардың 90 пайызы үлгі түрінде жасалған. Алайда олардың арасында қазір-ақ іске асыруға болатын жобалар да баршылық», - деді осыған орай «Жас ғалымдар альянсы» ҚБ президенті Ғани Байұлов.