Қызылордада ірі көлемдегі есірткімен БҚО тұрғыны ұсталды

ҚАРМАҚШЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Қармақшы ауданында полиция қызметкерлері ірі мөлшерде есірткі тасымалдаған тұрғынның жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада ірі көлемдегі есірткімен БҚО тұрғыны ұсталды

Қармақшы ауданында полицейлер Атырау облысының тұрғыны айдап келе жатқан «ВАЗ-21140» автокөлігін тоқтатып, жедел-тергеу тобымен бірге қарап-тексеру жұмыстарын өткізген. Оның барысында көліктің артқы орындығының үстінен скочпен оралған ерекше иісі бар шөп ұнтақтарының 7 бумасы табылды. Осындай шөп ұнтақтары жолаушының сөмкесінен де алынды.

Күдікті ретінде көліктің жолаушысы – БҚО тұрғыны ұсталды.

«Сараптама қорытындысы бойынша алынған ерекше иісі бар заттар салмағы 12 келі 524 грамм кептірілген марихуана екендігі белгілі болды. Күдікті жолаушы - Орал қаласының тұрғыны Қармақшы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына жеткізілді. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау жағдайы көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.