Қызылордада іссапарда болған Мәжіліс депутаттары ЕАЭО-ның тиімді тұстарына кеңінен тоқталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов бастаған депутаттар - Асхат Бекенов, Талғат Ерғалиев, Серікжан Қанаев, Надежда Нестерова, Әмірхан Рахымжанов, Айгүл Соловьева Сыр өңірінде жұмыс сапарымен болды.
None
None

Олар қалаға қарасты Ақсуат елді мекеніне барып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліс депутаттары алдымен Тағзым ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жаңадан ашылған ауылдық клубтың жұмысын көрді. Мұнан соң өткен жылы іске қосылған жол төсенділерін шығаратын шағын зауытты аралады. «Шығарған өнімге сұраныс жоғары», - дейді зауыт басшысы Асхат Нұрсейітов.

Халық қалаулылары «Smart Rubber» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Аталған мекеме жарамсыз шинаны өңдеумен айналысады. Инновациялық жобаның экологиялық тұрғыдан тигізер пайдасы көп. Қазақстан мен Германияның бірлескен кәсіпорны жылына 1,5 мың тонна резеңке ұнтағын шығарады. Өнім терең өңделіп, жасанды футбол алаңдарының беткі қабаты шығарылады. Алдағы уақытта өңірде салынатын ойын алаңдарында осы өнім қолданылмақ. Сондай-ақ жол құрылысына қажетті ұнтақ та дайындалады. Битуммен араласқан бұл ұнтақ асфальттың сапасын жақсартады. Ал «ҚазРоссИнновация» мекемесі ауызсуды сүзгіден өткізетін қондырғыны құрастырумен айналысуда. Депутаттар инновациялық жобалардың ауылдық жерде көбейіп жатқандығыны қуантады дейді.

- Өз-өзін басқару заңы өткен жылы қабылданғанын білесіздер. Соның өңірлерде жүзеге асу барысымен танысып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, облыс орталығынан бөлек, шалғайдағы ауылдарда кәсіпкерлік саласы жандануда екен. Бұл жұмыссыздықтың жойылып, халықтың жағдайы жақсарып келе жатқандығының айқын көрінісі, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сейітсұлтан Әйімбетов.

Сондай-ақ, халық қалаулылары кеше ғана үш елдің басшысы қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім отандық өнімді өзгелерге өткізуге мүмкіндік туғызатынын атап өтті.

Айта кетейік, 31 мамыр күні Қызылорда қаласында облыс әкімінің қатысуымен Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтеді.

Соңғы жаңалықтар