Қызылордада қала күні мерекесінде бір мезетте 40 қазан палау басылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Биыл Қызылорда қаласы күнін мерекелеу аясындағы түрлі форматтағы іс-шаралар бір ай бойы өткізіледі. Осы мақсатта бүгін «Сыр ана» монументі алаңында 10 мыңнан астам адамның қатысуымен «Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этно бағыттағы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада қала күні мерекесінде бір мезетте 40 қазан палау басылды

«Абай-Дәулет» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырылған жиында палаушылар сайысқа түсті. Думанды шарада бір мезетте 10 мың тұрғынға арналған 40 қазан күріш басылып, сайыс жеңімпаздары анықталды. І орын иеленген азаматқа 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Аталған шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, айтыскер-ақын Аманжол Әлтаев, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли және өзге де азаматтар қатысты. Аймақ басшысы қызылордалықтарды қала күнімен құттықтап, күрішті аймақта палаушылар сайысын ұйымдастырудың түп-тамырында ұлттық салт-дәстүр жатыр деді.

«Баршаңызды Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қызылорда – тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер! Қала күні мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасады. Ақ күріштің аймағы атанған айтулы Сыр елінде палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайысты этноауыл форматында ұйымдастырудың символикалық мәні бар деп санаймын», - деді Н. Нәлібаев.

Мерекелік басқосуда Аманжол Әлтаев күрішті аймақ Сырдың жеріндегі думанды шараның мән-маңызы ерекше екенін тілге тиек етіп, қызылордалықтарды мерекемен құттықтады.

«Дарияның қос қанатына қоныстанған Қызылорданың қала күні мерекесі құтты болсын! Сырдың ақ күрішін ойымызға оралғанда күріштің атасы Ыбырай Жақаев жүрегіміздің төрінен орын алады. Ыбырай атамыздың жолын жалғап, баба аманатын арқалаған диқаншылар үлкен еңбек көшінің басында келеді. Сыр елінің күріші – байлықтың, берекенің белгісі. Бүгін 40 қазанға палау пісіріп, елдің берекесі молая түссе екен деген игі бастама қолға алынған екен. Елдің берекесі тарқамасын, ырысы ортаймасын», - деді Аманжол Әлтаев.

Этноауыл форматындағы шарада Ы. Жақаевтың «Күріш туралы толғанысынан» үзінді келтіріліп, қазақтың дәстүрін насихаттайтын ауыл жастарының алтыбақан жанындағы көңілді кешінің көрінісі, ақындар айтысы, «Бауырсақ PARTY», «Шұбат-қымыз FEST», «Қауын-қарбыз FEST» фестивальдерімен жалғасты.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысының әкімі еңбектен береке тапқан үлгілі отбасылармен кездесті.