Қызылордада қаламгерлерді еске алуға арналған конкурстар мәреге жетті

ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 28-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Облыстық әкімшілік жанындағы баспасөз клубында облыстық «Сыр бойы» газетінің бұрынғы редакторы, Ұлы Отан соғысының ардагері жазушы-журналист Қалқабай Әбеновті және қызмет бабында қаза болған жас журналист Сахитжан Бермағамбетовті еске түсіруге арналған шығармашылық конкурстар қорытындылары жарияланды.
None
None

Шараның басында жазушы-журналистің көзін көргендер мен қызметтес болғандар - жазушы Айжарық Сәдібеков, ардагер Сәмит Далдабаев өз естеліктерін әңгімеледі.

Шығармашылық комиссияның қорытындысы бойынша белгіленген алты орынның ақшалай, заттай сыйлықтары табысталды. «Ер еңбегімен елеулі» тақырыбындағы конкурстың қорытындысы бойынша бірінші бәйге қызылордалық ұстаз Ләззат Нұрылдаеваның «Құланиек күн асты» суреттемесіне, екінші бәйге журналист Мұхамеджан Нұржановтың «Долана ағашының көлеңкесі» атты очеркіне, үшінші бәйге сырдариялық зейнеткер Ажар Әзқожаеваның «Тұздық» мақаласына берілді. Ал С.Бермағанбетовті еске алуға арналған конкурстың жүлдесі «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілшісі Нұрбек Әмишаға ие болды.

Еске алу кешінде осыдан екі жыл бұрын әуе апатынан қайтыс болған журналист Сағитжанның анасы М.Бақбергенова сөз сөйлеп, ұйымдастырылған іс-шараға ризашылық білдірді.

Осы кеште С.Бермағанбетов жөнінде жазылған журналист Жеткерген Жүсіповтің «Құмда қалған сағыныш» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Конкурс соңында ұйымдастырушылар Қ.Әбеновтің шығармашылық байқауына қаржылай демеу көрсеткен журналист-жазушының ұлы Қанат Әбеновке алғыс білдіріп, мәнді іс-шараның жыл сайын жалғасып, дәстүрге айналатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар