Қызылордада каналға батып кеткен жергілікті 2 азаматтың денелері әлі табылмай жатыр
Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақыт Ембергенов аталмыш оқиға жайында баяндап берді. Оқиға былтырғы 17 желтоқсанда болған. Ол жайында бұдан бұрын хабарлаған едік.
Сол күні 45 және 54 жастағы екі азамат автокөлікпен мал іздеуге шыққан. Олар автокөліктерімен Қараөзек арнасына түсіп кеткен.
«2018 жылғы 18 желтоқсан күні таңғы сағат 6.15-те жасақтан 4 құтқарушы 1 бірлік техника және 1 үрлемелі моторлы қайықпен және сүңгуірлік құрал-жабдықтарымен оқиға орнына жетті. Онда туыстарынан 20 адамның қатысуымен құтқарушылар Қараөзек арнасында суасты және су бетінде іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздестіру жұмыстары барысында сағат 10.30-да құтқарушылар су астында жатқан «УАЗ Фермер» автокөлігін тапты. Бірақ, онда адамдар болмай шықты. Сағат 18.10-да автокран көмегімен су астындағы автокөлік жағаға шығарылды.
Жоғалған адамдар су астынан сүңгуірлік, су бетінде арнаның табанын тырмалап сүзу әдісімен қайықпен іздестірілді. Сондай-ақ жасақтың кинологтары иісшіл иттерді де пайдаланды. Қараөзек арнасында сең жүруіне байланысты 20-21 желтоқсан күндері суасты іздестіру жұмыстары тоқтатылды. Ол жұмыс 23 желтоқсаннан бастап қайтадан жалғасты», -деді Б.Ембергенов.
Былтырғы 18-31 желтоқсан күндері құтқарушылар су астына 13 рет түсті. Сүңгуірлер су астында 8 сағат бойы жұмыс жасаған. Қазіргі таңда іздестіру жұмыстарына мұз астында су ағысының күшеюі, сүңгуіршілердің демалу автоматтарының қатып қалуы қиындық туғызуда.