Қызылордада карантин талабын бұзушылар тыйылар емес

Қазір Қызылорда облысы коронавирус инфекциясының эпидахуалын бағалау матрицасында «жасыл» аймақта тұр. Дегенмен, қатерлі індетті жұқтыру жағдайы күн сайын тіркелуде.
«Өкінішке орай, карантин талабын бұзу дерегі әлі де азаймай тұр. Жыл басынан осындай 99 оқиға тіркелді. Оның басым көпшілігі халыққа қызмет көрсету орындарында анықталуда. Оған қоса үй жағдайында той жасау деректері азамай отыр. Мұндай жағдай кәсіпкерлік нысандарымен қатар білім беру, медициналық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерде де болып жатыр. Сақтық шаралары ғана індетті тоқтата алатындығын естен шығармауымыз керек. Өңірде карантин талабы кезең-кезеңімен жеңілдетілді. Десе де әлі де бірқатар шектеу жалғасып жатқанын ұмытпайық. Атап айтқанлда, ойын-сауық іс-шаралары, отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар) ұйымдастыруға тыйым салынған. Оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге, мерекелік корпоративтерді ұйымдастыру мен өткізуге мүлдем болмайды», - дейді Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитария дәрігері Динара Жаңабергенова.
Ол жергілікті тұрғындарды алдағы Наурыз мекересі мен ұзақ демалыс күндері халық көп жиналатын орындарға бармауға шақырды.
«Тағы бір айта кетерлігі, көпшілікті ұжымдық іс-шаралар өткізбеуге және қатыспауға шақырамын. Айта кетерлігі, суық тигізіп алмауға, індеттің алдын алу шараларын сақтауға көңіл бөлгеніміз жөн. Елдегі эпидемиологиялық жағдай әрқайсымызға байланысты, сондықтан маска тағып жүріңіздер, әлеуметтік ара қашықтық пен қарапайым гигиена талаптарын сақтауларыңызды сұраймын», – деді Динара Жаңабергенова.
Сондай-ақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында аудан тұрғындары коронавирус вакцинасын ала бастағанын хабарлаған едік.