15:41, 02 Қазан 2013 | GMT +5
Қызылордада қарттарға облыс әкімінің атаулы сыйлықтары табыс етілді
ҚЫЗЫЛОРДА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Кеше Қызылордадағы А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қарттар күніне арналған мерекелік кеш болып өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Шараға барлығы 300-ге тарта соғыс және еңбек ардагері қатысты. Аға ұрпақ өкілдерінің даңқты жолдарынан мағлұматтар беруге арналған шағын театрландырылған қойылымнан кейін кештің құрметті қонақтары - соғыс және еңбек ардагерлерін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төл мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде аға буын өкілдерінің ел-халық алдында сіңірген орасан зор еңбектерін саралап айта келіп, оларға қашан да құрмет пен қошемет жасалуы тиіс екенін еске салып өтті.
Кеште облыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов та сөз сөйлеп, замандастарын мерекелерімен құттықтады.
Шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
Соңынан аға буын өкілдеріне облыс әкімінің атаулы сыйлықтары табыс етілді.