Қызылордада кәсіпкер ауылына спорт кешенін салып берді
Оны «Қозыбаев» шаруа қожалығының төрағасы Баймұханбет Қозыбаев өз қаржысына салып берді. Бұл мақсатта кәсіпкер 66 млн теңге шамасында қаржы жұмсаған. Спорт кешені мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылды.
Шиелі ауданында заманауи спорт алаңдары, дене шынықтыру жəне сауықтыру алаңдары көптеп салынуда.
Былтыр ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая ауылынан жобалық құны 70 млн. теңгені құрайтын спорт кешені ел игілігіне айналды. Сондай-ақ, биыл 42 млн. теңгенің спорт кешені Алғабас ауылында халық игілігіне табысталды. Сондай-ақ, Еңбекші, Жөлек ауылдарынан да дәл осындай кең спорт кешендері іске қосылды. Ендігі кезекте Керделі ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бұрын Шиелі ауданы Төңкеріс ауылында жергілікті кәсіпкер спорт кешенін салып бергенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ, қызылордалық кәсіпкер мұқтаж отбасыларға пәтер сыйлады.
Ал ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Қызылордада қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың облыстық форумы өтті.