Қызылордада «Кәсіпкер және шенеунік» акциясының қорытындысы шығарылды

Алқалы жиында облыстық прокуратура органдарының кәсіпкерлік субъектілерін қорғау мен қолдау бағытында атқарған жұмыстары жөнінде облыстық прокуратура басқарма бастығының орынбасары Ербол Сейітжанов баяндама жасады. Бұдан кейін «Жергілікті атқарушы органдармен «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар мен кәсіпкерлерге ұсынылатын қолдау шаралары туралы» облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бастығы Тельман Сүлейменовтің, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық аймақтық филиалымен кәсіпкерлерге ұсынылатын қолдау шаралары туралы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның аймақтық филиалының директоры Жансұлтан Матаевтың, «Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының негізгі бағыттары мен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың жоспары туралы» Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхаммед Әбсаттаровтың баяндамалары тыңдалды.
Өз кезегінде кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша тиісті мамандарға сауалдар қойып, жауаптар алды. Биылғы жылы облыстық прокуратура органдары кәсіпкерлікті қорғауға байланысты 33 тексерулер жүргізіп, анықталған 688 заң бұзушылық бойынша 5 наразылық келтіріп, 27 ұсыныс енгізді. Прокурорлық ықпал ету актілерінің негізінде 33 заңсыз актінің күші жойылып, 52 тұлға тәртіптік және 3 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 233 кәсіпкердің құқықтары қорғалған. Мысалы, облыстық прокуратура органдарымен бақылаушы органдары тарапынан тексеру жоспарына 198 кәсіпкерді заңсыз енгізу және 12 заңсыз тексеру жүргізу деректері анықталған. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары заң талаптары бойынша жылына тек бір рет тексерілетін кәсіпкерлерді ағымдағы жылдың тексеру жоспарына аталған мерзім өтпестен енгізген. Заң талаптары бойынша жаңадан ашылған кәсіпкерлерге тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий белгіленгеніне қарамастан, облыстың төтенше жағдайлар органдары 7 кәсіпкердің қызметіне тексерулер жоспарлаған.
Прокурорлық тексерумен облыстық салық органдарының 110-нан астам азаматты жеке кәсіпкер ретінде есепке қою барысында мемлекеттік тіркелу мерзімдерін созбалаңға салу деректері анықталды. Бұдан бөлек, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ тарапынан кәсіпкерлердің техникалық шарттарын алу мақсатымен берілген өтініштерін созбалаңға салу, артық құжаттарды талап ету, берілген техникалық шарттарда заңсыз талаптар қою және өз меншігіндегі электр қоңдырғыларын кәсіпкер есебінен жаңарту сияқты заң бұзушылықтарға жол берілген. Қоғам облыс аумағындағы 87 кәсіпкерлік субъектілердің өтініштерінің мерзімін бұза отырып, техникалық шарттарды кешіктіріп табыстаған.
2013 жылдың өткен мерзімінде оңтайлы жұмыс тобына кәсіпкерлерден 55 белгі түссе, тексеру нәтижесі бойынша 20-сы бойынша заң бұзушылықтар анықталып, тиісті прокурорлық шаралар жүзеге асырылған.