Қызылордада кәсіпкерлікті дамытудың «Жол картасы» әзірленді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында кәсіпкерлікті дамыту бағытында жалпы бюджеті 32 млрд теңгені құрайтын «Жол картасы» әзірленді.
None
None

Оның ішінде аталған қаражаттың 3 млрд теңгеден астам бөлігі стартап жобаларға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында жергілікті бизнес-қауымдастығы өкілдерімен кездесті.

Естеріңізге сала кетелік, Индустрияландыру күні аясында өткен шара барысында Қызылорда облысы бизнес жүргізуге жағдай жасаған үздік өңір ретінде танылды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша - «Хан Тәңірі» марапатын табыс еткен еді.

Кәсіпкерлермен жүздесу барысында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев кәсіпкерлерді Тәуелсіздік күні мерекесімен және «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша - «Хан Тәңірі» марапатының берілуімен құттықтады.

Сыр өңірінде соңғы уақытта кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударылып келеді. Алдағы үш жыл көлемінде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға маңыз беріліп отыр. Осының нәтижесінде салық базасының ұлғаюы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығының жақсаруы секілді мәселелер оң шешіліп келеді.

«Жыл басынан бері қайтарымсыз гранттар, несие алудың қадамдық іс-әрекетін, типтік бизнес-жоспарларды әзірледік. Ал жобаларды сүйемелдеу үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейдегі лауазымды тұлғалар бекітілді. Бұдан бөлек, бекітілген лауазымды тұлғалардың жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша есебін ай сайын тыңдаймыз», - деді аймақ басшысы.

Кездесуде «Жан Арай» ЖШС директоры Бақдаулет Мақашов, «Асбол» ЖШС директоры Ғани Пірімжанов және өзге де азаматтар ой-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, өңірдің бірқатар кәсіпкерлері облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар