Қызылордада кәсіптік лицей оқушылары білім жарыстырды

Білім бәсекесіне №1, №6, №7 және №9 кәсіптік лицейлердің оқушылары қатысып, «Интеллектуалды жас - 2012» номинациясы иегері атану үшін бақтарын сынады.
Ұйымдастырылған сайыстың түпкі мақсаты - жастарымыздың бойындағы рухани құндылықтарын арттырып, бойға азық болатын білім нәрімен сусындату, мемлекеттік тілдің мәртебесін орнықтыруға үлес қосу және де интеллектуалдық сайыс өткізу арқылы жастарымыздың дүниетанымын кеңейту. Сайысқа жастар «Бәйге», «Полиглот», «Ғажайып жетілік», «Жорға» деп аталатын 4 кезең бойынша білімдерін ортаға салды. Қатысушыларға қазақ тілі, әдебиет, тарих, физика, география ғылымдары мен спорттағы жетістіктер және түрлі бағыттағы сұрақтар қойылды.
Шара барысында сөз алған №9 кәсіптік лицейдің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жетес Қарақұлов ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, білім сайысына түскен жастарға сәттілік тіледі. Әр кәсіптік лицейден 3 оқушыдан, барлығы 12 сайыскер қатысып, топтың ішінен суырылып шыққан №6 кәсіптік лицей оқушысы Амар Боханов алғырлық танытып, «Интеллектуалды жас - 2012» номинациясын жеңіп алды. Сайысқа қатысушылардың барлығына бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.