Қызылордада Қазақстан халқы ассамблеясының семинар-тренингі өтіп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы «Өңірлердегі этноәлеуметтік және этноконфессиялық қатынастарды реттеу» тақырыбы бойынша 3 күндік семинар-тренинг бастады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Алқалы жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу жөніндегі орталығымен бірге өткізіп жатыр. Оған ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттары, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілдері, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері қатысуда. Тыңдаушылар ретінде Қызылорда облысының этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселесімен айналысатын мемлекеттік қызметшілері: қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық, қалалық және аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту басқармаларының бөлімдерінің басшылары мен мамандары, облыстық ҚХА хатшылығының жетекшісі, облыс, қала, аудан әкімдері баспасөз қызметінің жетекшілері мен қызметкерлері, этномәдени, жастар және басқа да қоғамдық бірлестік жетекшілері, ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының, жоғарғы оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді.

Семинар мақсаты - Қазақстан Республикасы Президенті Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы және Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында берген жаңа міндеттері аясында өңірлердегі этноәлеуметтік және этноконфессиялық қатынастарды реттеу бойынша тыңдаушылардың білімі мен біліктілік деңгейін арттыру.

Бұдан бұрын «Өңірлердегі этноәлеуметтік және этноконфессиялық қатынастарды реттеу» тақырыбындағы 3 күндік аймақтық семинар-тренинг өз жұмысын 2013 жылғы 13-15 наурызда Қостанай қаласында, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдерін қамту арқылы бастаған болатын. 15-17 мамыр күндері Семей қаласында, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының өкілдері үшін өткізілді. 17-21 маусымда Ақтау қаласында, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері үшін ұйымдастырылған. 25-27 қыркүйек аралығында Жамбыл облысы Меркі ауданында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласының өкілдерін жинап өткізген.

Жалпы, 2012-2013 жылдары 20-дан аса өңіраралық және республикалық арнайы семинар-тренингтер өткізілді, әлеуметтік технологияларға 1250 мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестік басшылары, сарапшылар, БАҚ өкілдері оқытылды.

Өткізілген іс-шаралар барысында этносаралық қатынастар жағдайымен байланысты кең көлемді сұрақтар талқыланып, конструктивті пікір алмасулар өтті, қоғамдық келісім мен консенсусты нығайтуға бағытталған міндеттер мен қажетті шаралар қарастырылды, нәтижесінде этносаралық және конфессияаралық қатынастар мен этностық әралуандықты басқару салаларындағы саясатты іске асыру жөнінде құнды ұсынымдар айтылды.

Семинар-тренинг ертең аяқталады.

Соңғы жаңалықтар