Қызылордада Қазақстан Жазушылар одағы филиалының жаңа басшысы таныстырылды

Одақтың Сыр өңіріндегі филиалының басшысы болып ақын Қаршыға Есімсейітова тағайындалды. Ол 1959 жылғы 17 желтоқсанда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қызылжарма ауылдық округінің «Коммунизм» бөлімшесінде туған.1976 жылы Қызылорда қаласындағы №43 мектепті бітіріп, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде еңбек жолын бастаған. 1982 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Қазақстан мектебі» журналында, республикалық халық шығармашылығы орталығында, Қазақ радиосының балалар мен жастар редакциясында қызмет еткен. Бұған дейін «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының редакторы болып келді.
Қ.Есімсейітова - «Таңбалы тас», «Қорқыт», «Мұстафа Шоқай», «Сыр өңірінің түлғалары» атты сериялы деректі фильмдердің авторы. Тұңғыш өлеңі республика баспасөзінде 1978 жылы жарияланды. Өлеңдері 1986 жылы «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енген. 1994 жылы «Аңсаған атамекенім» атты кітабы жарық көрді. 1997 жылы журналистика саласындағы еңбегі үшін Журналистика академиясының «Алтын жұлдызын» иеленген. Облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған (2004).