Қызылордада Кеңес Одағының батыры Біліс Нұрпейісовтің атына көше берілді

Ұлы Отан соғысы батырының атына көше беру және ескерткіш тақтаның ашылу шарасына Б.Нұрпейсовтің бауырлары, ағайын-туыстары, қала тұрғындары және қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қатысты.
- Бұл шара еліміздің ең қасиетті де қастерлі мерекелері 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр - Жеңіс күні, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылуымен ерекшеленіп отыр.
Бүгін, міне, киелі Сыр өңірінің даңқты перзенттеріне құрмет көрсетудің тағы бір шарасын өткізудеміз.
Қаламыздың көрікті ауданындағы көшелерінің бірін Ұлы Отан соғысының және Кеңес Одағының батыры, бар қажыр-қайратымен ерен ерлік көрсеткен Нұрпейсов Біліс атамыздың атымен атағалы тұрмыз.
Біліс Нұрпейсов - бойындағы қайсарлығы мен батыр болмысының арқасында 1941-1945 жылдардағы соғыста, өмiр мен өлiм белдескен алапат айқаста ерен ерлік үлгісін көрсете білген батыр тұлға.
Қасиеттi мереке күнi бiз азаматтық арды ту етіп, өз өмiрлерiн құрбан еткен батыр бабаларымыздың алдында бас иемiз.
Салтанатты түрде ашылғалы тұрған жаңа көше, ынтымақты халқымыздың мерейін асқақтатар көрікті орындардың біріне айналсын, - деген қала әкімі Н.Нәлібаев, барлық қатысушыларды мерекелерімен құттықтады.
Сондай-ақ, шара барысында Б.Нұрпейсовтің інісі Жүсіпбай Нұрпейісов, Алексей Мылтықбаевтар батыр атамыздың өмір жолы мен ерлік жолы туралы сөз етті.
Біліс Нұрпейсов - 1919 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Біліс өзені бойында дүниеге келген.
Қазақ АКСР-інің құрамында болған Қарақалпақ автономиялық округінің Петро-Александровский (қазіргі Төрткүл қаласы) қаласындағы Луначарский атындағы орта мектепте, Түрікменстанның Түркменабат (бұрынғы Шарджоу) қаласындағы Орта Азия кеме шаруашылығының ФЗО мектебінде оқып, кейін сол жердегі өзен-су көлігі техникумын бітірген.
«Альбатрос» жолаушы тасымалдау катерінде капитанның көмекшісі қызметін атқарып, 1935 жылы Төрткүлдегі Қарақалпақ мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне окуға түсіп, оны бітірген сон медициналық училищеде, Тақтакөпірдегі орта мектепте қызмет еткен.
1940 жылы Мелитополь Әскери әуе училищесінде оқыды. Соғыстың алғашқы кезеңінен бастап «Пе-2» бомбалаушы ұшағымен немістердің шабуылдаушы әскерлерін бомбалауға қатысты.
Әскери тапсырмаларды орындау барысында жараланып, госпитальда жатты.
Кейін Бурят - Моңғол Автономиялық Республикасындағы арнайы Тайткуркн әскери ұшақтар мектебінде дайындықтан өтіп, 1 943 жылы майданға аттанады.
Онда тікелей Жоғары Бас қолбасшылықтың Әскери-әуе күштеріне бағынатын, алыс қашықтықты барлайтын 2-Беларусь майданы 4-әуе армиясына қарасты 47-жеке гвардиялық барлау авиа полкіне қабылданды.
Сол жылдың күзінде жас ұшқыш Дунаевский және атқыш-радист А.Волков үшеуі Жоғары қолбасшылықтың ерекше кұпия тапсырмасымен бірнеше майдан шептері және жау қорғаныстарынан өтіп, Берлинді суретке түсірген.
1944 жылдың көктемінде әуе полкі З-Беларусь майданының кұрамында болып, Неман мен Вислаға өтердегі тегеурінді шабуылдарға қатысты.
1945 жылы Берлин қаласы аймағындағы екі әуежайды барлау тапсырылып, әуе зеңбіректерінің оқ жаудырғанына қарамастан алыс қашықтыққа ұшып, әскери стратегиялық нысандарды суретке түсіріп, оларды жойғаны үшін Біліс Нұрпейісовке КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
2 мәрте «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», 1-ші және 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
2-ші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, ұшқыш-штурман, гвардия аға лейтенанты Біліс Нұрпейісов 1945 жылғы 23 сәуірде Германияның Берлин қаласында ерлікпен қаза тапқан.
Қарақалпақстан Республикасында батырдың атында көше, мектеп бар. Алматы қаласы Қалқаман ықшамауданындағы бір көшеге батырдың есімі берілген.