Қызылордада киік атып алған 2 адамға қылмыстық іс қозғалды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында киік атып алған 2 адамға қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада киік атып алған 2 адамға қылмыстық іс қозғалды

Қызылорда облысы Полиция департаментінің,​ табиғат қорғау прокуратурасы ​және «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері рейд жүргізді. Нәтижесінде қала орталығындағы көшелердің бірінде 27 жастағы қала тұрғынының басқаруындағы жеңіл автокөлік тоқтатылды.​

«Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан ақбөкеннің денесі анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленді.​ Күдікті 2 азамат уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жаппай ереуіл кезінде ломбардтан 125 алтын сақина ұрлағандар ұсталды.