Қызылордада көл жағасында бас қосқан жеті жігіттің бірі суға кетті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында 26 жастағы жігіт суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада көл жағасында бас қосқан жеті жігіттің бірі суға кетті

Бұл жөнінде Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен мәлім етті.

«Оқиға облыс орталығындағы «ПМК-29» саяжайы аумағындағы Қалғандария көлінде болды. Сол аумақта жеті жігіт бас қосқан. Олардың бірі шомылуға арналмаған аумақта суға түскен. Суға түсу кезінде 1994 жылы туған жігіт жағаға қайта жете алмаған»», - деді ведомстводан.

Оны іздестіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметі жедел-құтқару жасағынан 6 құтқарушы қайықпен және арнайы техникамен келді. Іздеу барысында марқұмның денесі оқиға орнынан шамамен 30 метрдей қашықтықтан 2 метр тереңдіктен табылды.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында 17 адам суға кетті. Оның 7-еуі – бала.

Бұдан бұрын Сырдарияға батып кеткен қыз баланың денесі табылғанын жазған болатынбыз.