Қызылордада қолы жылу батареясына қыстырылып қалған бала құтқарылды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада қолы жылу батареясына қыстырылып қалған бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқыс оқиға 23 желтоқсанда облыс орталығындағы «Мерей» шағын ауданындағы көпқабатты үйдің бірінде болды. Бұл жөнінде Қызылорда қаласы жедел құтқару жасағына сағат 21.14-те хабар келіп түскен.
«Жедел құтқару жасағынан бес адам мен бір техника оқиға орнына жетті. Мамандар жылдам әрекет жасап жылу батареясына қолын қыстырып алған жеті жастағы баланы құтқаруға күш салды. Баланың қолы батареядан аман-есен шығарылды. Баланың жағдайы жақсы. Ол жедел жәрдем қызметіне тапсырылды», - деді Қызылорда қаласы жедел құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің басшысы Данышбай Есемұратов.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылорда облысында бір отбасы мүшесі ысқа уланып қалды.