Қызылордада көркем гимнастикадан халықаралық жарыс басталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде көркем гимнастикадан халықаралық сайыс басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш жарысқа еліміздің барлық өңірі мен Өзбекстаннан жас спортшылар келді. Онда 500-ге жуық жас гимнасшылар бақ сынап жатыр. Жарыс ережесіне сәйкес, 2005-2012 жылдарда дүниеге келген өрендер жекелей және топтық сайыстар бойынша жүлделерді сарапқа салады.
«Гимнастика әлемде жоғары деңгейде дамып келеді. Қазіргі таңда елімізде оған баса назар аударылып отыр. Сыр өңірінде спорттың бұл түрімен айналысып жүрген гимнасшылар аз емес», - деді Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов.
Аталмыш жарысқа Сыр өңірінен 70-ке жуық гимнасшы қатысуда.