Қызылордада коронавирус жұқтырған 2 науқас ауруханаға жатудан бас тартқан

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Сырдария ауданында бүгін таңертең анықталған 3 науқастың екеуі қойылған диагнозға сенбей, аудандық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алудан бас тартқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада коронавирус жұқтырған 2 науқас ауруханаға жатудан бас тартқан

Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

«Сырдария ауданындағы 2 науқас өздеріне қойылған диагнозға қарсылық танытқан оқиға кездесті. Мұндай жағдай жұмысымызға кедергі келтіреді. Біз тұрғындарды түсіністік танытуға шақырамыз», – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, басқарма басшысы Арал ауданында тіркелген 1 науқас «Астана – Қызылорда» бағытындағы пойызда жолсерік болғандығын айтып өтті. Ол Түркістан облысындағы қауіпті індетті жұқтырған науқасты тасымалдаған.

Соңғы деректер бойынша Қызылорда облысында 69 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.