Қызылордада коронавирусты негізінен орта жастағы кісілер жұқтырған

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың дені - орта жастағылар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазірге дейін өңірде қатерлі індетті 3488 адам жұқтырған. Оның 2,4 пайызы сырттан тасымалданғаны нақтыланды.

Ал 57,7 пайызы скринингтік тексеру нәтижесінде белгілі болған. Сондай-ақ, 39,9 пайызы қарым-қатынас арқылы жұқтырған.

Қатерлі індетті жұқтырғандар арасында бір айлық нәрестеден бастап 99 жас аралығындағы азаматтар бар.

Оның ішінде жоғарғы көрсеткіш 20-69 жас аралығындағылар және 70-79 жас шамасындағы азаматтар арасында жиі тіркелген.

- Пандемия басталғалы облыс бойынша 2150 ошақ анықталып, барлығына қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Індетке қарсы профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыста вирустық этиологиядағы пневмония ауруының 310 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, жеті жағдай қаңтар айында анықталды. Бұған қоса, бүгінге дейін 26 оқушы COVID-19 ауруына шалдықты. Бүгінде мектептер санитарлық талаптарды қатаң сақтауда, - дейді Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитария дәрігері Динара Жаңабергенова.

Бүгінде облыста 79 жедел жәрдем бригадасы халыққа қызмет көрсетуде.

Мұнан өзге 40 санитарлық автокөлік алынған.

«Айта кетерлігі, жеке қорғаныш заттарының 2 айлық қоры жасақталды. Облыста 210 инфекциялық төсек орын бар. Медициналық ұйымдарға санитайзерлер орнатылды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов.

Айта кетейік, Қызылорда облысында коронавирусқа шалдыққандар күн сайын тіркелуде .


Соңғы жаңалықтар