Қызылордада ҚР ауыл жасөспірімдерінің жазғы спорт ойындары өтеді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада Қазақстан Республикасы ауыл жасөспірімдерінің жазғы спорт ойындары өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш шара 18 тамыз күні Қазақстан Республикасының Спорт күні қарсаңында Қызылорда қаласында жалауын көтереді. Ауыл жасөспірімдерінің республикалық жазғы спорт ойындары төрт жылда бір рет өткізіледі. Оған елісіздің барлық өңірінен командалар қатысады. Ойын бағдарламасында ұлттық, бұқаралық және олимпиадалық спорт түрі енгізілген. Дүбірлі додада республиканың 14 облысынан 2000-ға жуық 2001-2003 дүниеге келген ауыл спортшылары шеберлік байқасады.
«Сайыс спорттың 10 түрінен: волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, еркін күрес, асық ату, грек-рим күресі, дзюдо, таеквондо, гандболдан өтеді. Мақсат - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын іске асыру, салауатты өмір салтын насихаттау, ауылдық жердегі жасөспірімдерді дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, үздік спортшыларды анықтау, спорт резервін даярлау», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының маманы Лаура Шоңғалова.
Үстіміздегі жылы екінші мәрте өткізілетін айтулы спорт бәсекесі 21 тамыз күні қорытындыланады. Ұйымдастырушылар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қызылорда облысының әкімдігі.