14:13, 18 Сәуір 2023 | GMT +5
Қызылордада қышыма жұқтыру былтырғыдан 3 есеге артты
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жыл басынан бері қышыманың 21 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда 3 есеге артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы бойынша қышыма ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз. Жыл басынан бері қышыманың 21 дерегі тіркелді.
«Бұл өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 3 есеге артық. Атап айтқанда, 14 жасқа дейінгі балалар арасында қышымамен сырқаттанушылық көрсеткіші жоғары. Барлық тіркелген аурудың 57%-ы сол жастағылар үлесінде. Жұқпалы тері ауруының қоздырғышы - қышыма кенесі. Қышыма кенесі адамның терісіне еніп, сол жерге жұмыртқалай алатын микроскопиялық паразит», - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын қызылордалық маман «Көкала» кеселі кенеден келетінін айтып өткен еді.