Қызылордада қызылша ауруы дерегі тіркелді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қызылша ауруының белгілері байқалды. Жыл басынан бері екі адам аталмыш ауруға шалдыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның бірі ересек адам болса, екіншісі бір жасқа дейінгі бала. Олар Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында тұрады. Жүргізілген эпидемиологиялық зерттеу барысында екі жағдайда да олардың Астана қаласында болғаны анықталды. Олар онда қызылшамен сырқаттанған науқастармен жақын қарым-қатынаста болған.

Жергілікті мамандар осыған байланысты ауру ошағында індетке қарсы алдын алу іс-шараларын ұйымдастырды. Бүгінге дейін екі науқаспен 48 адам байланысты болған.

«Облыс көлемінде қызылшаға қарсы иммундау шараларының орындалуы оптималдық деңгей аясында жүргізілді. Нақты айтқанда, 2018 жыл қортындысымен қызылша, эпидпаротит, ауруларына қарсы алғашқы егумен жалпы 17105 бала қамтылған. Оның 16931-і жасына сәйкес қамтылғандар болып табылады. Мақсатты топтағы балаға шаққанда егумен қамту көрсеткіші 98,5 пайызды құрады», - деді Қызылорда облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Айта кету керек, өткен жылдары қызылша ауруын жұқтырған науқастар саны тіркелген жоқ. 2016 жылы ғана 1 жағдай тіркелген.

Бұдан бұрын Қызылордада мектеп асханаларындағы мәзір талапқа сай еместігі хабарланды.

Соңғы жаңалықтар