Қызылордада медициналық маска өндірісі жолға қойылады
Аталған жоба негізінде тәулігіне 40 мыңға жуық бетперде тігіледі. Өнім барлық стандарт пен сертификация талаптарына толықтай сай келеді.
Компания директоры Ділмұхамед Абызовтың айтуынша, қазір техникалық іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Компания мамандары елімізде төтенше жағдай жарияланған тұста алғаш рет медициналық бетперде тігуді қолға алған еді.
Дегенмен ол соған сай жабдықталған техникаларда жасалған жоқ. Сондықтан кем-кетік тұсы кездесті. Ендігі кезекте Қытайдан алынған тігін машинасы арқылы бетперде барлық талапқа сай тігіледі.
«Онда барлық жүйесі автоматты түрде жүргізіледі. Медициналық бетперделер дәріханалар мен бақа да мекемелерге жеткізіледі. Тапсырыс берушілер аз емес. Өнімді сапалы шығаруға мән беріп отырмыз. Бағасы да халыққа қолжетімді», - дейді Ділмұхамед Абызов.
Серіктестік төрт жылдан бері жұмыс жүргізіп келеді. Алғашқы уақытта түгелдей мақтадан жасалған ерлер жейдесін тігуге машықтанған болатын. Әртараптандыру барысында мамандар мұнай компаниялары, ҚР Қорғаныс, ҚР Ішкі істер министрліктерінің құрылымдары қызметкерлеріне арналған арнайы киімдер тігуге де мән берді.
«Dalatex» ЖШС көптеген сапалы киімдер тігу талабы бойынша ұйымдастырылған халықаралық және отандық байқауларда жеңімпаз атанған. Компания - облыста индустриалды сертификатқа қол жеткізген алғашқы өндіріс орны.
Ділмұхамед Абызов аймақтағы жеңіл өнеркәсіп ассоциациясын бақарады. Бүгінде компания өнімдері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей және Атырау қалаларында тұтынушыларға сатылады.