Қызылордада науқастардың басым бөлігі коронавирусты қарым-қатынас арқылы жұқтырған

«Өңірде биыл 179 адам қатерлі індетке шалдықты. Олардың 60,2 пайызы қарым-қатынас арқылы жұқтырғаны белгілі болды. Сондықтан тұрғындардан барынша сақтық шараларын сақтауды сұраймыз. Бұл қатерлі індеттің алдын алуға өз әсерін тигізеді», - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 13 дерегі тіркелді. Олардың 8-і-Қызылорда қаласында, 3-і Жаңақорған ауданында анықталды. Ал Шиелі мен Қармақшы аудандарында бір-бірден науқастардың қатерлі індетке шалдыққаны белгілі болды. Олардың 5-і клиникалық белгісімен анықталса, қалғанында клиникалық белгілері байқалмаған. Олармен қарым-қатынаста болған 36 адам дәрігерлер бақылауына алынды.
Бұдан бұрын ақпан айында Қызылорда облысында коронавирусқа қарсы вакцина егу басталатыны хабарланған еді.