Қызылордада нәзік жандылар қол күресінен жарысқа түседі
«Нәзік жандылар арасында қол күресінен жарысты өткен жылы Наурыз мерекесінде ұйымдастырдық. Тұран даласынан шығып, ерлермен бірдей найза ұстаған батыр қыздарТұмар мен Бопайдың сіңлілері қай кезде де ел ішінен шығып отырған. Былтырғы сайысқа аудан мен елді мекендерден келген онға тарта ару қатысып, нәтижесінде ұйымдастырушылар тарапынан бәріне де жүлде берілді. Биыл Наурыз мерекесіндегі сайысқа шығатындар қатары артады деген үміттеміз», - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов.
Ұлыстың Ұлы күніне орай бекітілген іс- шараға сәйкес көркейту-көгалдандыру, тазалық апталықтары мен сенбіліктер жүргізілуде.
Сонымен қатар наурыз айының 12-сі мен 25-сі аралығында аудандық кітапханада «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» атты кітап көрмесі, 17-21 наурыз аралығында аудандық музейде «Берекелі, мерекелі әз Наурыз» атты этнографиялық бұйымдар көрмесі өтеді. Ал мереке қарсаңында күндіз орталық алаңда 11 киіз үй тігіліп, наурыз көже, ұлттық дастархан мәзірі мен ұлттық нақыштағы концерттік қойылымдар, спорттық сайыстар өткізіліп, мерекелік кеш кешкілік серуенмен, отшашумен, танымал өнер жұлдыздыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасатын болады», - делінген хабарламада.