Қызылордада неміс технологиясына негізделген құрылыс комбинаты іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде де отандық өндірістің өрісі кеңейіп, еңбек өнімділігінің қарқыны бәсеңдеп көрген емес. Қызылорда қаласындағы құрылыс жұмыстары жандана түсіп, баспанаға мұқтаж отбасыларға лек-легімен пәтер кілттері табысталуда.
None
None

Бұл үлгілі үрдіс алдағы кезде де үдей түсетіні анық. Өйткені индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында аймақта алғаш рет тұрғын үй құрылысы комбинаты іске қосылды, деп жазады 24.kz. Кәсіпорын алуан түрлі үлгідегі бетон бұйымдарын шығарады.

«Жаңа жылда жаңғырған қуатты комбинаттың өнімі өңірдегі баспана құрылысының 30 пайызын қамтитын болады», - дейді мамандар. Зауыт толықтай неміс технологиясына негізделген. Бетон блоктар, қабырға, баспалдақтар және төбе жабындыларын түрлі көлемде жасауға болады. Құны 1,5 млрд теңгеге шамаласқан жоба шеңберінде 60 жұмыс орны ашылды. Мамандар жаңа технологияның тілін тез меңгеру үшін шетелде тәжірибе жинап қайтты. Комбинатқа қажет шикізаттың дені жергілікті жерден. «Сондықтан өндірілетін өнім де, одан тұрғызылатын баспана да айтарлықтай арзан болады», - дейді мамандар.

Комбинат жылына 35 мың шаршы метр баспана тұрғызуға қауқарлы. «Біз болашақта каркасты-тақта үйлерін салатын боламыз. Бұл жаңа технологиямен істеледі. Қыста жылы болады деп күтіп отырмыз. Және де қазіргі салынып жатқан үйлерге қарағанда, бұл комбинаттың шығаратын өнімдері 20 пайыз арзан және тез», - дейді РМЗ-Шапағат» ЖШС бас директоры Мұратбек Жаханов.

Бүгінде Сыр елінде жыл санап халық саны артып, тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Бас жоспар бойынша, алдағы жылдары Сырдың сол жағалауын игеру басталатынын ескерсек, комбинаттың өніміне қашанда сұраныс бар.

Соңғы жаңалықтар