Қызылордада облыстық басқарма кәсіпкер құқығын шектеген
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандары әрекеттерінен бизнес нысанының заңды мүдделерінің бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне сілтеме жасап.
Қызылорда облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен «Protecting Business and Investments» жобасы аясында «Медикеа ИИС» ЖШС құқығы қорғалды.
Серіктестік Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшыларының әрекеттерінен бизнес нысандарының заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы өтініш білдірген.
«Өтініште көрсетілген мән-жайларды анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдарың өкілдерінің және серіктестік өкілінің қатысуымен кездесу өткізілді. Кездесуде облыстық жұмыспен қамту басқармасының мемлекеттік сатып алу барысында протезді-ортопедиялық бұйымдарға негізсіз тіркеу куәліктерін талап еткені және бұл өз кезегінде «Медикеа ИИС» ЖШС-не көрсетілген қызметтер үшін 118 млн теңгенің төленбей отырғанына әкеп соққандығы анықталды», - дейді Қызылорда облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз хатшысы Бағдат Әбдіқадыров.
Кездесуде Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттан туындайтын барлық талаптарын қанағаттандыруға міндеттеме алды.