Қызылордада оқшаулану тәртібін бұзған «қызыл» мәртебедегі 162 тұрғын анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында үйде оқшаулану тәртібін бұзған «қызыл» мәртебедегі 162 тұрғын анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде 4 мыңға жуық нысан «Ashyq» жүйесіне қосылған. Басым көпшілігі - қоғамдық тамақтану объектілерінің үлесінде.
Жыл басынан бері коронавирус инфекциясына шалдыққанына қарамастан, үйде оқшаулану тәртібін бұзған «қызыл» мәртебедегі 162 тұрғын анықталды.
«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабына сәйкес дертке шалдыққанын біле тұра карантин талабын бұзған 25 адам тиісті жазаға тартылды. Оларға жалпы көлемі 1 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Келеңсіздіктер негізінен қоғамдық тамақтану, сауда нысандарында, сондай-ақ темір жол вокзалы мен әуежай жолаушыларынан көптеп анықталуда», - деп мәлім етті облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Еске салсақ, Қызылордада жыл басынан бері 4 642 адам коронавирус жұқтырды.