Қызылордада өрт шыққан пәтерде қалып қойған 3 адам құтқарылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында көпқабатты үйде болған өрттен 3 адам құтқарылып, 15-і эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада өрт шыққан пәтерде қалып қойған 3 адам құтқарылды

Оқиға 20 ақпанда сағат 3.00 шамасында «Шұғыла» мөлтек ауданы №43 үйде болды. Төтенше жағдайлар департаментіне пәтердің бірінен қою түтін шығып жатқаны жөнінде хабарлама түсті.

Шақырту бойынша №2 мамандандырылған және №6 өрт сөндіру бөлімдерінен 12 қызметкер мен 4 техника, штабтың автокөлігімен 5 қызметкер жұмылдырылды. Барлау нәтижесінде 5-қабаттағы пәтердің бірінің қонақ бөлмесіндегі барлық тұрмыстық заттар, ас бөлмесінің есігі мен терезесі, кіреберіс бөлме есігі жанып жатқаны анықталды.

«Пәтер ішінде қалып қойған 3 адам газдан қорғау құралымен қауіпсіз жерге шығарылды. Көршілес пәтерлердің бірінен 27 литрлік газ баллоны сыртқа шығарылды. Пәтерлерден өрт сөндірушілер 15 адамды (оның ішінде 6 бала) эвакуациялады. Тұрғын үй табиғи газға қосылмаған», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.