Қызылордада пара бермейтіндер саны артқан
«Сыр медиа» ЖШС ақпараттық талдау орталығы қызылордалық тұрғындардың сыбайлас жемқорлық мәселесіне көзқарастарын анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізген.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев айтты.
«Әлеуметтік зерттеуге қатысқан облыс тұрғындарының 66 пайызы сыйақы немесе пара бермейтіндігін айтқан. Пара бермейміз деушілердің қатары өткен жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға көбейген, - деді Б.Байхожаев.
Дегенмен де тұрғындардың 19 пайызы қиналған сәтінде пара беретінін білдірген.
Ал, «You&Me» Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін анықтау бойынша жүргізген социологиялық зерттеуіне қатысқан қызылордалықтардың 94,5 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы екендерін білдірсе, респонденттердің 83,3 пайызы пара немесе сыйлық беру жағдайына кезікпегендігін айтқан.