Қызылордада полицейлер көктайғақта жолдан шығып кеткен 15 автокөлікке көмек көрсетті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында полицейлер ауа райы қолайсыздығынан жол бойында қиын жағдайға тап болған 15 автокөлік иесіне көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада полицейлер көктайғақта жолдан шығып кеткен 15 автокөлікке көмек көрсетті

17 қарашада Қызылорда облысында ауа райы күрт суытты. Қар жауып, жолда мұз қатты. Осының салдарынан тәулік ішінде жолдың тайғақ болуына байланысты 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиғалар барысында 1 адам дене жарақатын алды. Көліктерге елеулі көлемде материалдық шығын келді.

Республикалық маңызы бар жолдарда көлік жүргізушісі жолдың мұз, тайғақтығынан басқару жүйесіне ие бола алмай қалған оқиғалар кездесті. Осындай жағдайға байланысты патрульдік полиция рота қызметкерлері жолдан шыққан 15 автокөлікке көмек көрсетті. Бұл автокөліктер қайта жолға шығарылды.

«Патрульдік полицейлер осындай жағдайда қандай әрекет жасау керек екендігін біледі. Мұндай сәттерде эвакуаторды шақыру, қажет болған жағдайда елді мекенге жеткізу, көлік құралының қозғалтқышын жылыту, эвакуациялау жұмыстарын жүргізеді. Біз қызметкерлерімізді кез - келген жағдайларға дайын болуға үйретеміз», - деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Бектөре Сұлтан.

Еске салсақ, 17 қарашада Қызылордада биылғы алғашқы қар жауды.