Қызылордада полицейлер тоқтатқан көліктен 5 мылтық пен пышақ шықты
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің Жол-патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол қозғалысын ережесін бұзумен қатар заңсыз аң аулаумен айналысқан азаматты ұстады, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап.
Оқиға ақпан айының сегізі күні түнгі сағат 00.05 шамасында Қызылорда-Жалағаш тас жолының 91-шақырымында Мәдениет көпірі тұсында орын алған. Полиция қызметкерлері артқы жарық шамдары жанбаған күйі келе жатқан «Уаз-2206» маркалы автокөлігін байқап, тоқтатады. Автокөлікті басқарып келе жатқан 1964 жылы туылған азаматтың құжаттарын тексеру барысында жүргізу куәлігінің мерзімі өтіп кеткендігін анықтайды. Сонымен қатар, автокөліктің жүксалғышынан 5 мылтық, 1 пышақ және қара түсті пакетке салынған торайдың еті табылды.
Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабының 1-бөлігі (Маршруттық көлiк құралдарын тоқтату, тұрғын аймақтарда жүру, жолаушыларды және жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау және жол жүрiсiнiң қағидаларын басқа да өрескел бұзуы) және 612-бабы (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) негізінде әкімшілік хаттамалар толтырылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде.