Қызылордада республикалық «Көктем нұры» оқушылар айтысы өткізілді

Өнер бәйгесінде еліміздің 5 өңірі, Қызылорда қаласы және Сырдария, Шиелі аудандарынан 10 айтысқер бақ сынады.
Республикалық оқушылар айтысын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ашып, сөз додасына түскен жас ақындарға қолдау білдірді.
«Ойлы сөзді айта білген айтыс ақындарын халық қашанда құрмет тұтқан. Облыста айтыс дәстүрлі түрде үздіксіз өтіп келеді.
Сыр өңірі өзінің әрідегі Нартай, Манап, кешегі Маханбетқали, Замаддин, берідегі Серік, Елена, Әбілқайыр, бүгінгі Мұхтар, Нұрмат, Мейірбек секілді айтыс ақындарымен мақтанады. Соның ішінде айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтың үш мәрте «Алтын домбыра» иегері атануы - ұлттық өнеріміздің Сыр еліндегі мәртебесінің көрсеткіші секілді. Ұрпақтар сабақтастығының белгісіндей республикамыздың түкпір-түкпірінен дарынды, ойы зерек, темірқанат жас түлек ақындарымыз Сыр өңіріне жиналды», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сөз додасына белгілі айтыскер ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов және белгілі жыршы-термеші Амандық Бүрлібаев төрелік етті.
Байқау қорытындысымен халық ақыны Манап Көкенов атындағы бас жүлде мен ақшалай сыйлық қызылордалық Мейіржан Қартбайға табысталды.
Ал бірінші орын маңғыстаулық Ерсұлтан Аушановқа, екінші орын шиелілік Әмірхан Эльдарға бұйырды. Сондай-ақ, Тараз қаласының тумасы Алихан Яшар мен ақтөбелік Нұрадин Арай үшінші орынды өзара бөлісті.