Қызылордада рухани құндылықтар мен қыз баланың тәрбиесін ұштастыру мәселесі сөз болды

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
Аталған шараның мақсаты - білім алушылар арасында сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер ала алатын текті қыздар ортасын құру, ұлттық санада тәрбиелеп, отбасы құндылықтарын насихаттап, олардың діни ұстанымдарын таңдауға кеңес беріп, еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, қоғамдық ортада өз ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен ұштастыра білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін шынайы қазақ аруын қалыптастыру. Дін мәселелерін зерттеу орталығы мен облыстық білім басқармасының бастамасымен аймағымызда құрылған қыздар клубтарының қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынасты жандандыру, алдағы уақытта екіжақты шаралардың өткізілуіне ықпал жасау.
Дөңгелек үстел отырысына Қызылорда облыстық білім басқармасының бас маманы Ж.Шариева, Жастар ресурстық орталығының қызметкері А.Шөменова, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің найб имамы Б.Ұлжаев, Облыстық жастар денсаулық орталығының қызметкері Ж.Бижанова, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы М.Аңсатова, «Ару-ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Сарымсақова, «Сыр мейрімі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы С.Абдрахимова, оқу ұйымдарындағы қыздар клубтарының жетекшілері, БАҚ өкілдері мен жастар қатысты.
Шара барысында облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Бибігүл Үмбетова «Отбасы рухани байлықтың қайнар көзі» тақырыбында, «Батыр ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсара Әбдіхалықова «Бүгінгі қоғамдағы қыз баланың тәрбиесі» тақырыбында, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қыз жібек» қыздар клубының төрайымы Назира Аймаханова «Қыз жібек қыздар клубының мақсаты және бүгінгі күндегі маңыздылығы» тақырыбында, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының Сырдария ауданы бойынша бөлімшесінің маманы Сауле Сыздықова «Әйелдер ұйымдарының жастар арасында діни экстремизмнің алдын алудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
Дөңгелек үстел отырысы дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Мусаев Маралбек Бактиярұлының модераторлығымен ашылып, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ербол Рүстемов өткізіліп отырған шараның маңыздылығын тілге тиек етіп, кіріспе сөз сөйледі. Шара соңы сұрақ-жауап пен пікір алмасумен қорытындыланды.