Қызылордада С. Әзімовтің «Жоқтау: 20 жыл өткен соң» атты деректі фильмінің тұсаукесері болды

ҚЫЗЫЛОРДА. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Кеше кешке Қызылордадағы Ы.Алтынсарин атындағы кинотеатрда белгілі режиссер Сергей Әзімовтің «Жоқтау: 20 жыл өткен соң» атты деректі фильмінің тұсаукесері болды.
None
None

Бұл осыдан 20 жыл бұрын түсірілген «Жоқтау» деректі фильмінде көтерілген мәселелердің жалғасын көрсететін картина болып табылады. Содан бергі өткен аралықта Арал теңізіне қатысты нендей нәрселер өзгерді, - лента, міне осылар жайлы сыр шертеді. Сценарийін де өзі жазған режиссер бұл фильмді «Жоқтау: 20 жыл өткен соң» және «Теңіздің жаңаруы» атты екі бөлімге құрыпты.

Иә, осыдан 20 жыл бұрын жойылып бара жатқан Арал теңізінің жағалауында қайсар, кеңпейілді және өр көкірек халықтың рухы қалған еді. Олар бұл жерді ешқашан да тастап кетпейді, өйткені олар үшін Арал дегеніміз экологиялық апат аймағы емес, Арал - олардың Отаны. Режиссер осы жерден көшіп кетпей, басқа жерге қоныс аудармай қалып қойған халықтың, туған жерге деген шынайы махаббатын көрсете алды.

20 жыл бұрын шынымен де, Аралға су қайтып келіп, кіші Аралдың екінші өмірі басталады дегенге сенген адамдар аз болды. Келесі кадрлар бұрынғы балықшыларды көрсете отырып, олардың және балаларының бүгінгі тыныс-тіршілігін жеткізеді. Фильмде Арал тұрғындарының экологиялық қасіретіне терең түсінісушілікпен қараған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ролі ерекше көрсетіледі. Елбасы айрықша ауқымды жобалардың орындалуына тікелей атсалысып, бақылау жасады. "Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!" - Президенттің бұл айтқандары бүгінгі күні адамдарға жақсы жағдай жасалғанын дәлелдейді.

Фильмнің 2 бөлімі балық шаруашылығынан басталады. Бұл жерде тек қана Аралдың екінші өмірінің басталғанын ғана емес, оның жағалауында және теңіздің өзінде де өмір қайта жанданғаны көрінеді. Балықшылар өздерінің сүйікті кәсіптеріне көшіп, ата-бабаларының істерін жалғастыруда. Жұрттың болашаққа деген сенімі артқан. Бұл бөлімде Арал тұрғындарының өмірі, тыныс-тіршілігінің қаншалықты өзгергендігі суреттеледі. Бұдан әрі режиссер балық зауытын, Көксарай су реттегішін, өңірдегі ауылшаруашылық алқаптарында қолданылатын тамшылатып суару әдісін таныстырады, осы жобаларда жұмыс жасап жүрген адамдар өздерінің болашақ жоспарлары жайлы әңгімелейді. Сонымен қатар Арал қаласында салынып жатқан нысандарды жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуының көрінісі ретінде көрсете келе, осы өңірдің жан-жақты дамуына көз жүгіртеді.

Фильм белгілі жазушы, Арал жерінің тумасы Ә. Нұрпейісовтың «Аралды көрген адамдар өлмей, Арал өлмейді» деген сөздерімен аяқталады.Фильм «Tanaris Production» кинокомпаниясында түсірілген.

Соңғы жаңалықтар