Қызылордада Сәбира Майқанованың 100 жылдығына орай көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті
Аса көрнекті өнер иесінің жарық ғұмыры - халқына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі. Рухани шараның шымылдығы актриса сомдаған Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» шығармасындағы Толғанайдың монологымен ашылды. Байқауға 16-26 жас аралығындағы 14 талапкер қатысып, олар бірінші шарт бойынша Сәбира Майқанова орындаған аялы аналардың образдарынан үзінді көрсетті.
Екінші шартқа сәйкес талапкерлер танымал телехабарлардың жүргізушісі ретінде бақ сынап көрсе, үшінші шарт бойынша танымал ақындардың «Ана» тақырыбына арналған өлеңдерін нақышына келтіріп жатқа оқыды.
Талантты өнерпаздардың өнерін бағалауда аудандық оқушылар үйінің үйірме жетекшісі, актриса Ұлжан Ахметова, аудандық мәдениет Орталығы жанындағы мәдени-демалыс кешеннің меңгерушісі Гүлнар Төребекова, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Бекзат Әжімұрат төрелік жасады. Қатысушы талапкерлердің актерлік шеберлігі, сөйлеу мәдениеті, жарасымды қимыл-қозғалысы, сыр-сымбатының сахнамен үйлесім табуы, киіну үлгісінің тақырыпқа сәйкестігі ерекше ескерілді.
Байқау қортындысы бойынша бірінші орынды №204 мектептің мұғалімі Сая Өтепова, екінші орынды Лахалы аулынан қатысқан Нұргүл Сахиқызы және Қазалы көлік-техникалық колледжінің 1-курс студенті Индира Бұхарбаева, үшінші орынды Бірлік ауылынан Шәкизат Бекназарова, Кәукей ауылынан Назерке Бейбекова, Майдакөл аулынан Кенішкүл Омарова иеленді.
Сонымен қатар, байқауға қатысқан бір топ талапты жастарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.