20:27, 02 Қаңтар 2023 | GMT +5
Қызылордада «Самара-Шымкент» тасжолының бір бөлігі жабылды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ауа райының қолайсыздығынан «Самара-Шымкент» тасжолының бірқатар бөлігінде көлік қозғалысына тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда уақытымен 19.15- тен бастап «Самара-Шымкент» тас жолының 1240-1357 шақырымында автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабылды.
Ол Ақтөбе облысының шекарасынан Арал ауданының орталығына дейінгі аралықты қамтиды.
«Облыста ауа райы жағдайының нашарлауы көрініс беріп отыр. Қар аралас жаңбыр жауды, көктайғақ, қатты жел байқалады», - деп жазылған облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабарламада.
Еске салсақ, 1 қаңтарда «Самара-Шымкент» тас жолының Ақтөбе облысының шекарасынан Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіне дейінгі аралықта жол жабылған еді.