Қызылордада сексеуіл ұрлап бара жатқан екеу орманшыларды ұрып-соғып, қашып кеткен

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада орман шаруашылығы инспекторларына күш қолданған қала тұрғындары ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығына хабарлама келіп түсті.

Онда облыс орталығына қарасты Тасбөгет кентінде «ГАЗель» автокөлігінің заңсыз сексеуіл тиеп бара жатқаны айтылған.

Бұл жөнінде Қызылорда облыстық жануарлар дүниесін қорғау және орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері хабарлаған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, орман шаруашылығы инспекторлары «ГАЗель» автокөлігін тоқтатқан. Алайда, автокөлік жүргізушісі олардың заңды талабына бағынбаған.

Оқиға орнынан қашып, бір үйдің алдына барып тоқтаған. Одан кейін жанындағы серігі екеуі орманшыларға күш қолданып, дене жарақатын салған.

«Тексеру барысында олардың екеуі де қала тұрғындары екені анықталды. Күдіктілер Қызылорда қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айғақ зат ретінде 50 қап сексеуіл алынды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда билік өкiлiне қатысты күш қолдану жағдайы көрсетілген», - деп мәлім етті департаменттен.


Соңғы жаңалықтар