20:45, 20 Желтоқсан 2013 | GMT +5
Қызылордада шырша шамы жағылды
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Қызылорданың орталық алаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен шырша шамы жағылды.

Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарланды.
Орталық алаңға қала тұрғындары көп жиналды. Шырша жанында ертегілер әлемінің кейіпкерлерін сомдаған жануарлар, Аяз ата мен Ақшақар тұрды. Аймақ басшысы қызылордалықтарды жаңа жылдарымен құттықтап, 2013 жылы жеткен жетістіктерді атап өтті.
«2014 жыл жетістікке толы, жемісті болсын», - деп тілек білдірді.
Облыс әкімінің атынан балаларға сыйлықтар үлестірілді. Сонан соң ауыр атлет, Польшада өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов жаңажылдық шыршаның шамын жағып, фейерверктер шашылды. Жаңажылдық шырша қаңтар айының ортасына дейін көпшіліктің көз қуанышы болып тұрады.