Қызылордада суға батып кеткен екі жігіттің мәйіті табылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында суға батып кеткен екі жігіттің мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада суға батып кеткен екі жігіттің мәйіті табылды

Естеріңізге сала кетелік, оқиға кеше елорда уақытымен 22.10 шамасында тіркелді.

Облыс орталығындағы «ПМК-29» саяжай аумағындағы Қалғандария көлінде екі жігіт рұқсат етілмеген аумақта суға шомылған. Түнгі уақыттағы іздестіру шарасына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 22 маман жұмылдырылып, 5 техника мен 3 қайық пайдаланылды. Оқиға орнына облыстық Полиция департаментінің мамандары да келді.

«Іздестіру 2.00 шамасында тоқтатылып, ол таңғы 6.00 шамасында қайта жалғасты. Нәтижесінде 8.40-та 23 жастағы жігіттің мәйіті табылса, 9.24-те 22 жастағы жігіттің жансыз денесі жағаға шығарылды. Олардың мәйіті жағадан 30 метрдей қашықтықта 3 метр тереңдіктен табылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өкілдері.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында 20 адам суға кетті. Оның 8-і – бала.