Қызылордада суға кеткен студенттің денесі үш күннен кейін табылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында Сырдария өзеніне батып кеткен 20 жастағы жігіттің денесі үш күннен кейін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Оқиға 29 маусым күні сағат 18:30 шамасында Қармақшы ауданының 102-ші разьезд тұсында болды. Төтенше жағдайлар қызметіне сол аумақтағы Сырдария өзеніне 20 жастағы жігіт суға батып кеткендігі жөнінде хабарлама түскен.

«Суға батқан адам 2003 жылы туған, Қармақшы ауданы Ақай ауылының тұрғыны. Облыс орталығындағы «Болашақ» университетінің 2-курс студенті екені анықталды», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, оқиға орнында Арал ауданы Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан құтқару бөлімшесінің мамандары жұмыс атқарды. Нәтижесінде марқұмның денесі үш күннен кейін табылды.

Айта кетсек, жыл басынан облыста 16 адам суға кеткен.


Соңғы жаңалықтар